АҚЫН ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР

Нұрпейіс Байғанинді оқу,   игеру  арқылы  өткен  тарихыңды,  айтыс  пен  жыршылық  өнер  қырларын,  дәстүр   салты  мен  кісілік  орныңды, сөз  мәйегін,  тіліңнің  бедерін  бағамдауға  болады.
Жұбаназар  Асанов,
Ақтөбе мемлекеттік  педагогикалық
институтының  доценті


       Табиғи  ажал  жеңгенімен, рухани ажалдың  әлі  жетпейтін, есімі  ел аузында ықылым  заман  қайталанып, барған   сайын разы  жұрттың  жүрегіне  жылы  ұшырай  беретін адамдар  болады.   Нұрпейіс  Байғанин дәл  осындай  адам  еді.
                                                           Шаңғытбаев Қуандық,
ақын
  
  
           Нұрекең   ізгі, кішіпейіл   ақын   еді.
           Өзі  сонша ірі  ақын – жырау  бола  тұра өзгенің  талантын  кішірейткісі, өзін зор  санап тәкаппарланғысы  келмейтін. 
           Бұл – хас   талант    адамдарында  ғана  кездесетін  қасиет.                                        
Дихан  Әбілев 
ақын

Қазақтың халық поэзиясы тарихында импровизатор-ақын, даңқты эпикалық жырларды біздің заманымызға жеткізген жыршы Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы деректілік, тарихилық, көркемдік-рухани құндылықтармен қымбат.
Серік Негимов
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, 
филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ғалым 


 Қарт патриоттың халыққа адал көңілмен, жігерлі ынтамен атқарған қызметін халық та, өкімет те ерекше елеп, лайықты құрмет көрсетті. Қадірлі ақынның еңбектерін толық жинап бастыру – алдағы күндердің міндеті. 
 Сәбит Мұқанов 
жазушы, 
ақын бабамыздың 1945 жылғы
 өлеңдер жинағының кіріспе сөзінен



Ұлтының құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене білген Нұрпейіс Байғаниннің  өмір жолы мен шығармашылығы Е.Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, Қ.Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылып, ақынның шығармаларын М.Хакімжанова, Қ.Шаңғытбаев, Е.Ахметов т.б. ақындар жүйелі әрі ұқыпты түрде қағаз бетіне түсірген.
Нұрпейіс бабаның өмір жолы мен шығармашылығын зерттеушілерінен тарихшы, өлкетанушы ғалым Құрманбеков Беркін Жолмырзаұлының еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
Ғалымның шығармашылық табыстарының бірі, Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» деп аталатын еңбегі болып табылады. Ел тарихының әр кезеңінде, Нұрпейіс шығармашылығының сол кезеңдерге тығыз байланысын зерделеген бұл еңбек,өзінің жаңашылдығымен, тарихи бай деректерімен ерекшеленеді. Нұрпейіске арналған ең алғашқы ғылыми зерттеу ретінде ғалымның бұл еңбегі, тарихшылар мен тілші ғалымдардың назарына бірден ілікті. 
Беркін Құрманбеков «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» кітабының бірінші «Байғана – байтерек, Үміт – бұлақ» мақаласында Нұрпейіс бабаның туған жері мен шыққан тегі жөнінде нақты деректер келтірді.
Беркін Жолмырзаұлы кітабында: «Ақын – сан қырлы, табиғаты күрделі, құпиясы мол тұлға. Нұрпейіс ақын ақыл-ойы, белсенді іс-әрекеті басқаларға үлгі боларлық, ел мен халықтың көш бастаушысы, қамқор ақылшысы болуға жараған үлкен тұлға.
Сондықтан, оның ақындық, жыраулық өнерімен адамгершілік қасиеттері бір-біріне сайма сай. Нұрпейіс ақынды оның замандастары ішкі жан дүниесіне сырт сымбаты сай, өте кішіпейіл, мейірімді жан ретінде қатты қадірлеп сыйлаған», - деп ақынның кісілік қасиеттерін суреттеген. 
Беркін Құрманбековтың «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» кітабын біздің кітапханадан таба аласыздар. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий